Фото

Дала күні қалай өтіп жатыр – фото

Дала күні немесе "Jańa Dala/GreenDay 2022" – қызыққа толы әрі пайдалы іс-шара. Ал қазіргі құбылмалы халықаралық жағдай кезінде мұны тіпті стратегиялық деп сипаттауға болады. Себебі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінде күрделі мәселеге айналды
Sputnik
Ақмола облысында "Қазақстандағы Дала күні "Jańa Dala/GreenDay 2022" мамандандырылған көрме-көрсетілімі өтіп жатыр. Бұл отандық және шетелдік фермерлер арасындағы тәжірибе алмасу және іскерлік байланысты дамытуға арналған жыл сайынғы ауқымды алаң.
30-дан астам компания ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын жұмыс кезінде таныстырып, шеберлік кластарын өткізеді.
Шара аясында инновациялық техника мен құрал-жабдықтан бөлек, заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары мен селекциялық жетістіктер таныстырылып жатыр. Екі күн бойы семинарлар, дөңгелек үстелдер, шеберлік кластары өтеді.
Sputnik Қазақстан тілшісі Меруерт Әлімова бұл жолы көрме несімен таңғалдырғанын көріп қайтты.
1 / 9

Ең алдымен көз тартатыны – заманауи, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары. Олардың қуатын іс жүзінде, яғни егін алқабында көруге болады. Егер техника көңілден шығып жатса, сатып алу немесе кредитке рәсімдеу мүмкіндігі бар

2 / 9

Биыл көктемде "Jańa Dala/Green Day ‘2022" көрсетілім алаңдарында егіс науқаны кезінде шараға қатысушылар әр түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары мен сұрыптарының тұқымын 75 аумаққа септі. Оның нәтижесін қазір тамашалауға болады

3 / 9

Жеке блокта "Organic Agriculture in Central Asia" және "Қазақстандағы ветеринарлық қауіпсіздікті бақылау" халықаралық конференциялары өтіп жатыр

4 / 9

"Jańa Dala/GreenDay 2022" Ақмола облысында жыл сайын өткізіледі. Мұнда қазақстандық шаруалар және шетелдік компаниялар, шетелдік делегациялар өзара тиімді нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Агроөнеркәсіп кешеніндегі озық жаңалықтарды көріп, тәжірибе алмасып, іскерлік байланыс орнатуға болады. Дала күніне дәстүрлі түрде 5 мыңнан астам адам қатысады. Көрмеге қатысушылар ауыл шаруашылығын өркендету, саланы мемлекет тарапынан қолдау, инновацияларды пайдалану бүгінде бұрынғыдан да маңыздырақ екенін баса айтты

5 / 9

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы - Аграрлық кредит корпорациясының қаржыландыруының арқасында 7 мыңға жуық қазақстандық диқан өз ісін ашты немесе оны дамытуды жалғастырды. Сондай-ақ корпорация арқылы егін егу мен астық жинау науқандары да қаржыландырылады. Оның үстіне, қысқа мерзімді кредиттеу көлемі екі есе ұлғайтылды

6 / 9

"Жалпы биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға 330 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отырмыз", - деді журналистерге "Аграрлық кредит корпорациясы" АҚ-ның елордадағы филиалы директорының орынбасары Олжас Баймаханов

7 / 9

Жалпы корпорация тікелей кредиттеу арқылы 57,9 миллиард теңге, қаржы институттарын (кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары, екінші деңгейлі банктер және лизингтік компанияларды қаржыландыру арқылы 124,6 миллиард теңге берген

8 / 9

Көрме-көрсетілім кезінде корпорация қызметкерлері шараға қатысушыларға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес береді. Кредит "Кең дала", "Агробизнес", "Іскер" атты үш бағдарлама бойынша беріледі. Кредит мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобалары бойынша ірі және шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге беріледі

9 / 9

Корпорация сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы сақтандыру бойынша агенттік қызметін көрсетеді. Егін алқабын ылғалдың жетіспеуінен және артық мөлшерде болуынан, жайылымдарды сақтандыру бағдарламалары, сондай-ақ ірі қара малды, ұсақ малды, жылқы мен құсты сақтандыру бағдарламалары бар. Шаруалар үшін сақтандыру құны субсидиялау есебінен төмендетіледі: сақтандыру сыйақысының 50%-ін мемлекет төлейді