НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ішкі істер министрлігіне ғарыштан есірткі плантацияларын анықтауға көмектесіп жатыр.
Бұл туралы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин хабарлады.
"Біз ІІМ-мен электрондық құжаттандыру, жедел басқару орталығы бағытында ғана емес, ғарыш мониторингі бойынша да әріптестік орнатқанбыз. Қазақстан ғарыш сапары құқық қорғаушы органдармен бірге "Қарасора" операциясына қатысып, ғарыш мониторингі арқылы есірткі алқаптарын анықтауда", - деп жазды Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айтуынша, биыл 686 мың шаршы шақырымға мониторинг жасалып, 5 өңірден каннабис егілген жерлер табылған.
2019 жылы космомониторинг арқылы 123 алқап анықталды.
Ғарыштық бақылау KazEOSat-1 және KazEOSat-2 спутниктері, сондай-ақ шетелдік спутниктер арқылы жүргізіледі. Мұндай алқаптар анықталған жағдайда сол жерге Қазақстан ғарыш сапарының қызметкерлері мен ІІМ арнайы бөлімшесі жіберіледі.
"Бұл – ерекше қадағалаудағы мәселе. Ішкі істер министрлігімен белсенді жұмысты әрі қарай жалғастырып, заманауи технологияларды қолдану арқылы қылмысқа қарсы іс-шараларды жетілдіруге атсалыса береміз", - деді министр.