Қазақстандағы атом электр станциясы халықаралық жоба болады – Смайылов

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов елімізде салынатын атом электр станциясының құрылысы туралы айтты.
Оның мәліметінше, болашақта электр энергиясы тапшылығы болады деп болжанып отыр.
"Атом электр станциясын салмасақ, біз бұл мәселені шеше алмаймыз. Экономикамыз электр энергиясымен толық қамтамасыз етпесек, әрі қарай даму өте қиын болады", - деді Әлихан Смайылов "Қазақстан" телеарнасына берген сұхбатында.
Ол АЭС салу мәселесі бойынша шешім қабылданып, орны белгіленгенін атап өтті.
"Қазір энергетика министрлігі дүниежүзіндегі озық технологияларды қарастырып жатыр. АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея және Ресейдің технологияларын зерделеуде. Жалпы бұл халықаралық жоба болады. Яғни бірнеше мемлекеттен әр түрлі технология тартылады", - деді премьер-министр журналистің атом электр станциясы кімнің технологиясы бойынша салынады деген сұрағына жауап беріп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрі Болат Ақшолақовқа Түркияның "Аккую" АЭС-ін салудағы тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырған болатын.
Тоқаев Түркияның "Аккую" АЭС-ін салудағы тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырды