НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Кузбаста құтқарушылар 5 шілдеде тау-кен жынысы опырылғаннан өлді деп саналған "Распадская-Коксовая" шахтасының жұмысшысын тірі тапты, деп хабарлады РИА Новости.
"Тірі! Бүгін түнде құтқарушылар опырылу кезінде "Распадская-Коксовая" шахтасының бұрғылау қондырғысының жүргізушісі қалып қойған аумаққа жетті. Кенші жарақат алған, бірақ тірі! Ол тез арада жер бетіне шығарылып, дәрігерлерге табысталды", - деп жазды Кузбастағы Междуреченск қаласының мэрі Владимир Чернов өзінің телеграм каналында.
Тау-кен жынысы 5 шілдеде опырылды – осы уақыт бойы кенші көмек күтіп, шыдап жатқан.
"Нағыз батыр! Міне, біздің кеншілер, нағыз батырлар!" – деп тамсанды билік өкілі.
"Распадская-Коксовая" шахтасында тау-кен жынысы 5 шілдеде сейсмикалық жағдай салдарынан опырылды.
Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, опырылу кезінде 190 кенші жер астында болған, олардың 188-і жер бетіне шығарылды, екеуі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді. Екі кеншімен байланыс үзіліп, олардың біреуінің мәйіті 6 шілдеде жер бетіне шығарылды. Сот шешімімен шахтадағы жұмыс 90 күнге тоқтатылды.