Краснодар соты Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтату туралы шешімнің күшін жойды

Оның орнына 200 мың рубль көлемінде айыппұл тағайындалды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Краснодар соты қазақстандық мұнайдың негізгі көлемі тасымалданатын Каспий құбыр консорциумының жұмысын бір айға тоқтату туралы шешімнің күшін жойды.
Новороссийск қаласы Приморск аудандық соты "Каспий құбыр консорциумы - Р" АҚ-ға 30 күнге қызметін тоқтату тұру түрінде әкімшілік жаза кескен болатын. Краснодар өлкесінің соты осы шешімге қатысты апелляциялық шағымды қарады.
Материалдарды қарап, тараптардың дәлелін тыңдаған апелляциялық сатыдағы сот "Каспий құбыр консорциумы - Р" АҚ-ға 200 мың рубль көлемінде әкімшілік айыппұл сала отырып, аудандық соттың қаулысын өзгертті. Қаулы заңды күшіне енді.
Компания "КҚК-Р" үздіксіз циклді кәсіпорын екенін, оның қызметін шұғыл тоқтату өндірістік процесс үшін қайтымсыз салдарларға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды. Өйткені мұнай тасымалдауға қойылатын технологиялық талаптар өндірістік қызметті мезетте және бір мезгілде тоқтатуға мүмкіндік бермейді.
Каспий құбыр консорциумының ірі акционерлері – "Транснефть" (24 пайыз) және "ҚазМұнайГаз" (19 пайыз). Ұзындығы 1 511 шақырым болатын Теңіз – Новороссийск құбыры арқылы Қазақстанның барлық экспорттық мұнайының үштен екісі жеткізіледі.
Экономика
Каспий құбыр консорциумының қызметі тоқтап қалды: үкімет жедел кеңес өткізді