НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысында тұрғындармен есеп беру кездесуін өткізді.
Министр үш сағатқа жуық уақыт бойы 500-ден астам тұрғынның сұрағына жауап бердім.
"Халықты көбіне жүйелі мәселелер емес, жергілікті білім беру қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың ден қойып, назар аударуын қажет ететін жеке мәселелер толғандыратынын байқадым. Оған қоса, сот шешімдерінің апелляциясына және еңбек дауларына қатысты да сұрақтар айтылды", - деп жазды Аймағамбетов Facebook парақшасы.
Сонымен қатар Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде директорларды ротациялау, мектептердегі педагог-ассистенттер санын көбейту, колледждерді бейінді министрліктің тікелей басқаруына беру, мектептер мен балабақшаларды жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен қаржыландырудың жетіспеушілігі туралы мәселелер көтерілді.
Көптеген сұрақ облыстағы мұғалімдер мен мектеп директорларының қарым-қатынасына қатысты болды.
"Мұндай антирейтингте Түркістан облысы республика бойынша "көшбасшы" саналатынын атап өткім келеді. Білім бөлімдері мен білім беру ұйымының басшылары осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуі қажет", - дейді министр.
Мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орындау кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгені туралы шағымдар болды. Енді бұл ақпарат зерттеліп, тексеру қорытындысы бойынша шара қабылданады.
Асхат Аймағамбетов қорыта келіп, облыстың білім беру саласында шешілмеген бірқатар мәселе бар екенін атап өтті.
Айта кетері, Түркістан облысы білім басқармасының қазіргі басшысының тағайындалғанына аз ғана уақыт болды. Енді оның алдында қордаланған мәселелерді шешу бойынша маңызды міндеттер тұр.