2019 жылдың басында Сириядан "Жусан" операциясы аясында соғыс аймағынан эвакуацияланған қазақстандықтар мінген алғашқы көліктер елге келді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнасында сол кезде балалармен жұмыс істеген қызметкердің естеліктері жазылған видео жарияланды.
Операция барысында Сириядан барлығы 600-ден астам адам, оның ішінде 413-і бала елге оралды.
Балаларды "бейбіт" өмірге қайта бейімдеу үшін қалыпты күнделікті тәртіпке үйретті: ұйқыдан ояну, жаттығу, таңғы ас, сабақ оқу, түскі ас және тағы осы секілді іс-әрекетке дағдыландырды. Олар спортпен және шығармашылықпен айналысты. Осы кезеңде балалардың бойында оң өзгерістер пайда бола бастады.
Жазда балалар мен олардың аналары үшін лагерь ұйымдастырылып, мұнда психологтар мен мұғалімдер жұмыс істеді. Содан кейін мектепке дайындық басталды.
Қазақстанның мұндай балалармен жұмыс істеу тәжірибесін бірегей деп атауға болады. Бұл тәжірибені қазір халықаралық қауымдастық – ұйымдар мен осы тектес проблемаларға тап болған елдер мұқият зерделеп жатыр.
Сириядағы соғыс кезінде туып-өскен балалардың не айтқаны, нені армандағаны және олармен жұмыс қалай жүргізілгені туралы толығырақ видеодан көруге болады.