НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Бүгін, 6 шілде Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумы қызметінің уақытша тоқтап қалуына байланысты жедел кеңес өткізді.
"Кеңес барысында қазақстандық мұнай экспортының шектелуінің теріс салдары мен мемлекеттік бюджеттің шығындарын азайту жөніндегі қажетті шаралар талқыланды", - делінген хабарламада.
Талқылау қорытындысы бойынша үкімет басшысы бірқатар тиісті тапсырма берді.
Еске салсақ, Новороссийскінің Приморский аудандық соты Ространснадзор анықтаған заңбұзушылықтарды жою үшін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) қызметін 30 күнге тоқтатқан болатын.
Ространснадзордың Оңтүстік УГРН-ы Приморский аудандық сотына консорциум қызметін 90 күнге тоқтата тұру туралы өтінішпен жүгінген. Сот Ространснадзордың талаптарын ішінара қанағаттандырды. "КҚК-Р" АҚ қызметін 30 тәулікке әкімшілік тоқтата тұру түрінде жаза тағайындалды.
Каспий құбыр консорциумы "сот шешімін орындауға мәжбүр", алайда оның үстінен шағым түсіруге ниетті. Консорциумның баспасөз қызметі уақытша тоқтату мерзіміне қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
КҚК – қазақстандық мұнай үшін негізгі экспорттық бағыт, оған құбыр арқылы айдалатын көлемнің 80%-тен астамы тиесілі. Құбыр желісінің қуаттылығы – жылына 67 млн тонна мұнай.