НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Қазақстан астанасында белгілі қазақстандық фотожурналист, Sputnik Қазақстан фототілшісі Владислав Водневтің көрмесі ашылды.
Экспозиция елорданың 24 жылдығына орайластырылған және "Биікке самға – 24!" деп аталады. Оның ерекшелігі сол – көрмеге қойылған барлық сурет құс ұшар биіктіктен түсірілген. Көрермендер назарына 24 картина ұсынылған.
Көрме "Астана-Бәйтерек" монументінде өтіп жатыр.
Автор фотографиямен мектеп жасынан бері айналысады, ұзақ жылдар бойы телевизияда оператор болып қызмет етті. Сол себепті көрермендер фотосуреттерден бөлек, квадрокоптерге түсірілген әсерлі бейнероликтерді де тамашалай алады.
Владислав Водневтің көрмесі
© Sputnik / Владислав Воднев
Водневтің айтуынша, оның Инстаграмдағы аккаунты желі қолданушылары арасында танымал. Өйткені адамдарға қаланы басқа қырынан тану әрқашан қызық. Желі қолданушылары оған елорданың белгілі бір орындарын көрсетуді өтініп, жиі хат жазады екен.
Көптеген ел мен қалаларды аралаған автор Нұр-Сұлтан шынымен де әсем және суреттен жақсы көрінетін қала екенін айтады. Кәсіби фотографтар мен әуесқойлар түсірілім үшін күн сайын жаңа әрі бірегей локациялар тауып жатады.
Владислав Водневтің көрмесі
© Sputnik / Владислав Воднев
"Еңселі елордамыздың бірегей архитектурасын, күн ұясына батқандағы қайталанбас көрініс пен үлкен қаланың өмір ырғағын бейнелейтін суреттер ел жылнамасынан ғана емес, әр қазақстандықтың жүрегінен міндетті түрде лайықты орын алады", - деп санайды ол.
Карантин кезінде түсірілген "Жұма намаз" суреті "Аэрофотография" номинациясы бойынша халықаралық "35AWARDS" байқауының Топ-35, сондай-ақ баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы "URKER-2021" ұлттық сыйлығының шорт-парағына енді.
"Жұма намаз" суреті
© Sputnik / Владислав Воднев
Владислав Водневтің көрмесі 10 шілдеге дейін жалғасады.