Ұлттық банк төлем карточкаларының банкаралық жүйесін іске қосты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкі Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін (ТКБЖ) өнеркәсіптік пайдалануға берді.
Бұл жүйе Қазақстан аумағында төлем карточкалары арқылы жасалатын банкаралық транзакцияларды өңдеуге арналған.
ТКБЖ-ны құру және оны іске қосу төлем карточкалары нарығының қауіпсіздігін және үздіксіз жұмыс істеуін, қазақстандық банктер үшін ішкі есеп айырысулардың кепілдігін қамтамасыз етеді, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Жүйе Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен (ХТЖ) және төлем карточкаларының нарығына қатысушы банктермен өзара тығыз байланыста әзірленеді.
ТКБЖ-ны құру аясында жергілікті карточкалық инфрақұрылым жасалып, тиісті нормативтік құқықтық база қалыптастырылды. Сонымен бірге қазақстандық банктер эмиссиялаған төлем карточкалары бойынша жергілікті операцияларды өңдеуді ұйымдастыру бойынша ХТЖ-мен келісімдер жасалды.
Қазіргі уақытта ТКБЖ-ға төлем карточкаларымен қызмет көрсететін банктер қосылған. Банктердің жергілікті карточкалық транзакцияларының трафигін аудару, оның ішінде банк жүйелерін бейімдеу және халықаралық төлем жүйелерімен өзара іс-қимыл процестерін қайта баптау бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді.
ТКБЖ операторы – Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – "ҚР ҰБ Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы".
Ұлттық банк лездік төлемдер жүйесін енгізуді жоспарлап отыр