НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "ӨКМ операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға іздеу жариялады.
Қылмыстық іс аясында оған 2017-2018 жылдары утилизация алымдарын қолды етті деген күдік тағылып отыр. 920 миллион теңге мөлшеріндегі қаражатты дивиденд түрінде заңсыз төлеп алған.
Шынар Мұхтароваға іздеу жарияланды және оған қатысты сот "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
"Егер сізде оның қайда екені туралы ақпарат болса, агенттікке хабарлауыңызды сұраймыз: call-орталық 1424, +7 (7172) 909 260", - делінген хабарламада.
Ақпарат ұсынғаны үшін 4 мың АЕК (1 АЕК - 3 180 теңге) дейін сыйақы қарастырылған.
"ӨКМ операторы" төңірегіндегі жанжал
Кейбір мәліметтер бойынша, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Алия Назарбаевамен байланысты "ӨКМ Операторы" утилизация алымын жинаған. Яғни болашақта көлікті утилизациялауға қажет болатын біржолғы төлемдер алып отырған.
2021 жылдың соңында мұндай ставка мен авто құнына наразылық білдірген қазақстандықтар петиция жасады. Олар көлікке утилизациялық алым төленбеуге тиіс деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда мәжілісте сөйлеген сөзінде "ӨКМ операторы" функциясын тоқтатуды және мөлшерлемені қайта қарауды тапсырды.
Оның пікірінше, мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуға тиіс. "ӨКМ операторының" жұмысын енді "Жасыл Даму" компаниясы атқарады.
Тергеу жүріп жатыр
Қаңтарда "ӨКМ Операторы" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды. Наурызда "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы бас директоры Светлана Коротенкоға қатысты тергеу басталды. Ол 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейін кәсіпорыннан автомобильдерді утилизациялаудың жоғары құнын белгілей отырып, 20 миллиард теңгеден астам соманы ұрлады деген күдікке ілінді.
Сәуір айында Антикор "Оператор РОП" ЖШС-нің бұрынғы басқарушы директорын ұстады. Оған 13 миллиард теңге ұрлады деген айып тағылып отыр. Заңсыз алынған ақшаны ол Recycling Company ЖШС-на аударған.
"ӨКМ Операторы" құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Руслан Шәмшиев жұмыс кабинетінде өз-өзіне қол жұмсады.