Қазақстан президенті Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадтағы Алтыншы Каспий саммитінде сөз сөйледі. Қазақстан президенті Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынды, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.
"Ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда азық-түлік тауарларын қаттау, сақтау және сату бойынша технологиялық тұрғыдан дамыған жүйесі бар заманауи көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталғанын айтты.
"Бұл орталықтар мен Каспий маңы азық-түлік хабы арасындағы жүйелі интеграция шаруалардың, сатып алушылардың, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың тиімді кооперациясына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, жеткізілетін барлық өнімнің сатылуына сенімді кепілдік береді", – деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев.