НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Әлеуметтік желіде ән айтып тұрған полицейдің видеосы тарады. Sputnik Қазақстан тілшісі халықты өнерімен тәнті еткен тәртіп сақшысын тауып, не себепті сахнаны емес, ішкі істер органдарын таңдағанын білді.
Аға лейтенант Қанат Жетпісбаев Ақтөбе қалалық полициясы басқармасының патрульдік батальонында қызмет атқарып жүр. 22 маусымда кезекшілікке шыққан. Сол күні ашық аспан астындағы караокенің жанынан өткен.
"Ақтөбеде стадионның қасында "Арбат" деген жер бар. Сонда ашық аспан астында караоке ашқан, кез келген адам ән айта алады. Патрульде жүргенде серіктесім екеуіміз тоқтадық. Сөйтсек, әскерде бірге болған жігіт диджей болып отыр екен. Содан ән таңдап, айттым", - дейді Жетпісбаев.
Қанаттың музыкалық білімі болмағанымен, бала кезінен ән айтады. Мектепте мәдени шараларға қатысқан. Гитарамен де ән айтып жүрді. Сол кезде музыкалық колледжге түсуге ұсыныс болған. Бірақ жас жігіт ішкі істер органдарын таңдаған.
"Кішкентай кезімнен "погон" тағуды армандадым. Мектептен кейін әскерге барып келдім. Содан полицияға өзім барып, құжат тапсырдым. Биыл 16 жыл болды. Полицияға келгеніме ешқашан өкінген емеспін. Үйленгенмін, екі қызым бар. Бір қызым мен сияқты ән айтып, байқауларға қатысып жүр", - деді Жетпісбаев.
Офицер полицияға келсе де, шығармашылықты қатар алып жүр. 2017 жылы "Парасатты полицей" конкурсының жеңімпазы атанған. Ішкі істер органдарының мәдени шараларына белсене атсалысады.