НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Президент ақпарат саласында жұмыс істеу үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін, отандық баспасөз еліміздің тұтастығы мен татулығын нығайту жолында елеулі рөл атқаратынын атап өтті.
"Бүгінде әлеуметтік желілерде, интернетте жалған ақпарат көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Осындай күрделі жағдайда сіздердің шынайы әрі сыни көзқарастарыңыз түрлі келеңсіздікке тосқауыл болар еді. Қазір қоғамдағы басымдықтар өзгеріп жатыр. Кәсіби журналистер қызметінің маңызы арта түсті", - деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ барша отандасымыздың алдында Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұрғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, журналистердің мақалалары мен сюжеттері, журналистік зерттеулері осы бастамаға үлес қосары сөзсіз. Сондықтан нағыз кәсіби мамандардың еңбегін лайықты бағалаудың символдық мәні бар. Міржақып Дулатұлының "Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті" деген тұжырымы бүгін де барынша өзекті.
"Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін сақтау үшін отандық журналистердің Қазақстанда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы керек. Біз қоғамға үлгі-өнеге көрсетіп, мемлекет ісін ілгерілетуге атсалысуымыз қажет. Өйткені халықтың сенімін ақтау – азаматтық борышымыз", - деп түйіндеді ол.