НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Ақмола облысындағы екпіні күшті желден 40-қа жуық үй мен 3 мектеп шатырсыз қалды.
Кеше өңірде қатты жел тұрып, екпіні секундына 30 метрге жетті.
Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті 25 маусым күні сағат 16:00 мен 20:00 аралығында облыстың екі ауданында желдің екпіні секундына 30 метрге дейін күшейгенін хабарлады. Салдарынан үш мектеп пен 38 жеке үйдің шатыры жартылай және толық ұшып кеткен.
Сондай-ақ, бірқатар елді мекенде электр бағаналары құлаған. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Келтірілген шығынды анықтау үшін әкімдік қызметкерлері оқиға орындарында жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.