НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері қала саябағында кәмелетке толмағандарды соққыға жыққан төрт жігітті ұстады. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдіктілердің ұсталғаны туралы Қостанай облысы полиция департаментінің басшысы Ерлан Омарбеков әлеуметтік желіде хабарлады.
"БАҚ-та жазылған-жазылмағанына қарамастан, мұндай фактілер әрқашан ерекше бақылауда болады. Өйткені бұл кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты болып отыр. Дереу процестік шешім қабылданып, бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды ", - деді ол.
Жасөспірімдердің соққыға жығылғанын көріп, оларға араша түскен Қостанай тұрғыны полицейлерге мән-жайды анықтауға көмектесті.
Қазіргі уақытта полицейлер төбелеске қатысқандардың ата-аналарымен профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр.
"Жігіттердің барлығы берекелі отбасыдан шыққан, олар спортпен шұғылданады. Қалғанын тергеу анықтайды", - деді полковник Омарбеков.
Сондай-ақ ол мектеп оқушылары мен студенттердің ата-аналарына демалыс кезінде балаларға ерекше көңіл бөлуге үндеді.
Бұған дейін Қостанайдағы аттракциондар саябағында 13 және 15 жастағы ағайындыны белгісіз біреулер соққыға жыққаны туралы хабарланды. Төбелес полиция пунктінің жанында болған. Бірақ бұл уақытта полицей қызмет орнында болмаған және пункт жабық болған.