НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Шығыс Қазақстандағы Белуха тауындағы туристік трассаны нығайту жұмыстары кезінде көшкін жүрді. Екі альпинист қаза болды, тағы бір адам зардап шекті, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға 23 маусым сағат 10.00 шамасында болды. Апат салдарынан 1992 және 1988 жылы туған екі ер адам көз жұмды. Сондай-ақ 1990 жылы туған Ресей азаматы зардап шекті. 32 жастағы тағы бір альпинист аман қалды.
Жету қиын болғандықтан, "Қазавиақұтқарудың" МИ-8 тікұшағы жіберілді. Оқиға орнына келген тікұшақ ауада бір метр биіктікте қалқып тұрды. Құтқарушылар түсіп, альпинистерді тікұшаққа көтерді. Бір альпинистке апат медицинасы орталығының дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті.
3 мың метр биіктікте құтқару операциясын жүргізу үшін әуе кемесіне бірнеше рейс қажет болған.