Саясат

Тоқаев Абай облысының әкімімен кездесті

Мемлекет басшысы Абай облысын қалпына келтіру жолындағы түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қабылдап, өңірдің қазіргі жағдайы туралы баяндамасын тыңдады.
Облыс әкімі жылумен жабдықтау, жылу электр орталығын салу, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, мектептер мен ауруханалар және тағы басқа да әлеуметтік нысандар салу сияқты өзекті мәселелер бар екенін жеткізді.
Нұрлан Ұранхаев аймақтың ішкі инфрақұрылымын қалпына келтіру басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Абай облысын қалпына келтіру жолындағы түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешу туралы тапсырма берді.
Биыл 8 маусымда президенттің үш облыс құру туралы жарлығы күшіне енді. Кейін мемлекет басшысы жаңа облыстардың әкімдерін тағайындады:
Ұлытау облысының әкімі – Берік Әбдіғалиұлы,
Абай облысының әкімі – Нұрлан Ұранхаев;
Жетісу облысының әкімі – Бейбіт Исабаев.