НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында цемент тиелген тоғыз вагон рельстен шығып кетті. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, деп мәлімдеді "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Төтенше жағдай Шығыс Қазақстан облысында Алтай – Күмістау теміржол учаскесінде болды.
Компания нақтылағандай, цемент тиелген вагондар жекеменшік операторға тиесілі, оның ішінде үш вагон – ресейлік, алтауы – қазақстандық. Вагон иелеріне тергеуге қатысу үшін болған оқиға туралы хабар берілді.
ҚТЖ ақпаратынша, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, жүк те жоғалмаған. Вагондардың жолдан шығып кетуі салдарынан теміржолдың 150-200 метріне зақым келді. Апат орнында қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Төтенше жағдай жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс кестесіне әсер еткен жоқ. Мән-жайды анықтау үшін ҚТЖ-да арнайы комиссия құрылды.