АЛМАТЫ, 21 маусым – Sputnik. Соңғы 5 жыл ішінде Талдықорғанда жеке тұлғаларға және мемлекеттік қызметшілерге құжаты жоқ 360 пәтер берілді. Бұл туралы қала әкімі Әсет Масабаев брифинг барысында айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шаһар басшысының айтуынша, мәселені шешу мақсатында бұл пәтерлерді қызметтік пайдалану үшін тиісті құрылымдарға беру ұсынылып отыр.
"Құжаты жоқ тағы 748 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына берілді. Осы тізім бойынша мұрағат мәліметтерімен салыстыру жүргізіледі. Оның ішінде 298 тұрғын үй "Береке" коттедж қалашығында, 450 пәтер көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан", - деді Әсет Масабаев.
Қазіргі уақытта 96 талап бойынша сот талқылауы жүргізіліп жатыр. Әкімнің мәліметіне сүйенсек, 2015-2021 жылдар аралығында Талдықорғанда 1300-ден астам пәтер мен үй заңсыз берілген.
Сондай-ақ, пәтерлерді және жалдау төлемдерін есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл түсімдердің ашықтығын, төлеушілерді бақылау және мерзімін өткізіп алуға жол бермеу шараларын қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.