Қазақстанның ірі жұмыс берушілері маман іздейді

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 18-35 жас аралығындағы Қазақстанның әрбір азаматы қатысуға құқылы
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Қазақстанның ірі жұмыс берушілері жастарға арналған алғашқы бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесіне қатысады, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Ведомство хабарлауынша, 27-29 маусым күндері Электрондық еңбек биржасында қазақстандық компаниялардың HR-менеджерлері өз мекемесін таныстырады.
"Олардан әр үміткер өзін қызықтырған ақпаратты сұрай алады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 18-35 жас аралығындағы Қазақстанның әрбір азаматы қатысуға құқылы. Ол үшін Enbek.kz порталында тіркеуден өту қажет", - делінген хабарламада.
Тіркелу үшін порталдың басты бетіндегі жәрмеңке баннерін басып, өтінім беру керек. Онда жәрмеңкеге қатысу ережелерімен және бағдарламасымен танысуға болады.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жұмыс берушілер онлайн-таныстырылым өткізіп, өздерінің компаниясы, еңбек жағдайы, бос жұмыс орындары және өзге де ақпарат туралы айтып береді.
"Жәрмеңкеде 1300-ден астам бос жұмыс орнын Еуразиялық топқа (ERG) және Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының құрамындағы компаниялар, "Kaspi.kz", "Қазақстан Халық Банкі" АҚ, "Ernst & Young Kazakhstan" ЖШС, "Евразия групп Қазақстан" ЖШС, "Magnum Cash & Carry" ЖШС, "Бірінші несие бюросы" ЖШС және басқа да компаниялар ұсынады", - деп хабарлады министрлік.
Қатысушылар компаниялардағы бос орындарға қызығушылық танытқан жағдайда түйіндемесін жібере алады. Сондай-ақ, алдын ала өтінім бойынша қатысушылардың тізімі жасалады, олар компанияның HR-менеджерімен онлайн сұхбаттаса алады.
Электрондық еңбек биржасындағы онлайн-жәрмеңкені ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ бірлесіп ұйымдастырды.