НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Алматы қаласының полицейлері жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған тағы бір мылтықты тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, жедел іздестіру шаралары барысында Алматы облысының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның үйінен "FAIR" маркалы тегіс ұңғылы шолақ мылтық табылды. Күдікті оны қаңтар айында қаладағы қару сататын дүкендердің бірінен ұрлап, қабырғаға қалап, тығып тастаған.
"Ж. есімді азаматтың қару сататын дүкенді ғана емес, сондай-ақ ұялы телефон сататын сауда орнын да тонағаны анықталды", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 291-бабының 1-бөлігі (Атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерiн, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті қамауға алынды. Оның кінәсі дәлелденсе, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады.
Айта кетері, осы уақытқа дейін қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1 600-ден астам қару табылды. Бірақ қылмыскерлердің қолында әлі де үлкен арсенал бар. Ұрланған 2 мыңнан астам қару әлі табылған жоқ. Соның ішінде 30 гранатомет, 2 пулемет, 122 автомат пен 379 тапанша бар.