НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым — Sputnik. Биыл Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өзара саудасы баяулады. Бұл туралы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
"Былтыр өзара сауда көрсеткіштері бойынша рекордтық жыл болды. ЕАЭО елдерінің тауар айналымы 31%-ке өсті. Биыл төрт айда Қазақстан мен ЕАЭО-ның өзара саудасы бар болғаны 5%-ке өсіп, 7,7 миллиард доллар болды", - деді Смайылов.
Сондай-ақ, министрлер кабинетінің басшысы нақты кооперациялық жобалар өнеркәсіптің барлық салаларында - машина жасаудан бастап, жоғары технологиялық тамақ өнімдері мен медициналық бұйымдар өндірісіне дейін қажет екенін айтты.
"Жоғары технологиялық инновациялық және бәсекеге қабілетті өнім жасау мақсатында нақты кооперациялық жобаларға және тұтастай алғанда кооперациялық байланыстарды нығайтуға ден қоюды ұсынамын", - деді премьер.
Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов күн сайын әлемдік сауда ережелері өзгеріп жатқанын, яғни жаңа сауда бағдарларын құру қажеттігі туындағанын атап өтті.
"Біз баламалы жолдарды бірлесіп іздеуге дайынбыз. Алайда одақтың бүкіл аумағы бойынша кедергісіз транзитті қамтамасыз ету, теңіз порты инфрақұрылымына қол жеткізу іс жүзінде іске асырылуға тиіс. Бұл мәселе шешілмей, ЕАЭО артықшылығын бағалау өте қиын", – деп мәлімдеді Қазақстан үкіметінің басшысы.
Айта кетері, Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысу үшін Минскіге барды.
Іс-шараға Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан үкіметтерінің басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысады.