НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Қазақстанда қоғамдық телевизия құру жайлы пікірін білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, елімізде қоғамдық телевизия құру мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді.
"Қоғамдық телевизия деген не? Оның жұмысы үшін халық белгілі бір абоненттік төлем төлеуге тиіс немесе жеке бір салық енгізу қажет. Ал халық мұны жасауға дайын ба? 2003 жылы Польшаға барғанымда, оларда дәл осындай проблема қозғалған. Халық қоғамдық телеарнаға өз қалтасынан ақша төлегісі келген жоқ. Сол кезде олар жиналған салықтың бір бөлігін қоғамдық телеарналарға жұмсау туралы шешім қабылдады. Бірақ бұл әдіс қаншалықты сәтті болғанын білмеймін", - деді Омаров парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп.
Ол елімізде қоғамдық телевизия құру мәселесін әлі талқылау керек дейді.
"Ең басты мәселе – оны кім қаржыландырады деген сұрақ. Әдетте, қоғамдық телеарнаға қоғам ақша төлейді ғой. Ал дәл қазір біздің қоғам телевиденияға ақша төлеуге дайын ба? Әзірге мен мұның жауабын айта алмаймын", - деді ақпарат министрі.
Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов "Хабар" мен "Қазақстан" телеарналарын қоғамдық телекорпорацияға айналдыруды ұсынған болатын.