НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым – Sputnik. "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнындағы 4 жұмысшының қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша қауіпсіздікке жауапты екі басшы ұсталды.
Қарағанды облысы полиция департаментінің ақпаратынша, қылмыстық істі тергеу барысында кәсіпорын жұмысшыларынан, соның ішінде өндіріс кезіндегі қауіпсіздік техникасына жауапты тұлғалардан жауап алынған.
"Жиналған материалдар негізінде Қылмыстық кодекстің 277-бабында (абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан, құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын бұзу) көзделген қылмыстық әрекетті жасады деген күдікпен қауіпсіздік шараларына жауапты 2 басшы ұсталды", - деп мәлімдеді ПД.
19 маусымда Теміртау қаласының тергеу соты күдіктілерге қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасын қабылдаған.
Еске салсақ, 10 маусымда "АрселорМиттал Теміртау" цехында төтенше жағдай болды. Жұмыс істемейтін пешті демонтаждау кезінде бес жұмысшы үйінді астында қалды. Төрт адам оқиға орнында көз жұмды. Тірі қалған жалғыз жұмысшы ауруханаға жеткізілді. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне қайғылы оқиғаның себебін анықтауды, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.