Атырауда екі адам тірідей көміліп қалды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Атырау қаласында жер қазу жұмыстары кезінде екі ер адам топырақтың астында қалды, екеуі де оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне полиция департаменті.
Ресми мәліметке сәйкес, 18 маусымда Жұлдыз-1 шағын ауданында жекеменшік үйдің ауласында жер қазу жұмыстары жүргізілген. Кешкі сағат 19:00-дің кезінде экскаватор тереңдігі 1,5 метр болатын траншея жасаған. Сол кезде үй иесінің 22 жастағы ұлы және 34 жастағы тағы бір туысқаны шұңқырға түсіп, жұмыс істеген. Кенеттен олардың үстіне топырақ құлап, екеуі де көміліп қалған.
Оқиға орнына барған құтқарушылар арнайы техникамен екі ер адамның мәйітін алып шықты. Үйге психолог шақырылды. Ал полиция тергеу шараларын бастады.