НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Қостанай қаласының мамандырылған ауданаралық соты жағаұстатарлық қылмыс бойынша үкім шығарды. Адамды сарымсақ үшін өлтірген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Тоболинфо" порталына сілтеме жасап.
Сот алдында "Краснопартизанское" бағбандар кооперативінің екі күзетшісі - 35 жастағы В. Д. мен 36 жастағы А. М. жауап берді. Тергеу материалдарына сәйкес, 2021 жылы 5 қыркүйекте мас күйінде отырған екі күзетшіге бір бағбан арызданып, алты бас сарымсақтың жоғалғанын айтты.
Сол кезде көрші саяжай иесі күдікке ілінді. Күзетшілер одан ұрланған затты аламыз деп, ұрып-соғып, өлтіріп тастады. Артынан қылмыс іздерін жасыру үшін ер адамның басын кесіп, өрттеп жіберді. Ал денесін күзет үйшігінің маңайында көміп тастады. Бірақ екі күннен кейін қазып алып, Тобыл өзеніне апарды. Сол жерде қамыстың арасында батырып жіберді.
Сот үкімімен 35 жастағы күзетші адам өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, ол 1 миллион 377 мың 316 теңге көлемінде өтемақы төлеп беруге міндеттелді. Сотта күзетші өз кінәсін толығымен мойындады, жасаған әрекетіне өкінетінін де айтты. Судья оны да ескерді.
Ал екінші күзетші ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол екі жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сотталушы жазасын қауіпсіздік деңгейі жоғары мекемеде өтейді. Себебі бұған дейін істі болған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.