НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым — Sputnik. Полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен волонтерлер Қостанай облысында далада жоғалып кеткен тоғыз жастағы баланы бір тәулік бойы іздеді. Осы уақыт ішінде жоғалған бала он километр жерді жаяу жүріп өткен.
Кәмелетке толмаған Мейрам Зубков мал бағумен айланысатын ата-анасымен бірге даладағы қоста тұрады, деп хабарлады polisia.kz.
"16 маусымда сағат 11 шамасында шаруа ққожалығының аумағынан бір отар қой сыртқа шығып кеткен. Ата-анасы малды іздеуге кіріскен және тоғыз жастағы ұлы олардың жанында болған. Олар баланың басқа бағытқа қарай жүріп, көзден таса болғанын байқамаған", - деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ата-анасы баланың жоғалып кеткенін түсінгенде оны өз бетінше табуға тырысқан. Бірақ іздеу еш нәтиже бермеген. Сондықтан олар кешкі сағат жетіге қарай баланың жоғалғаны туралы полицияға шағымданған.
"Тез арада баланы іздеуге кірістік. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, ТЖД мамандары мен волонтерлер қатысты. Жақын аймақтағы ауылдардың аумағы, өзен сағалары тексерілді, арнайы техника мен қызметтік-іздеу иттері жұмылдырылды. Сонымен қатар дрон қолданылды", - деп нақтылады өңірлік полицияда.
Қостанай облысында жоғалған бала бір тәуліктен кейін табылды
Іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтатылған жоқ. Нәтижесінде бүгін таңғы сегіз шамасында Мейрам Молокановка ауылынан үш километр жерден табылды. Ол өзі тұратын даладағы қостан он километр жаяу жүріп өткен.
"Ол қосқа қарай бет алғанымен, адасып кеткен. Даламен тоқтаусыз жүріп, сосын ұйықтап қалған. Қазіргі уақытта Мейрам Зубков үйінде, дәрігерлер оны тексерді, баланың жағдайы жақсы", - деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаменті.
Ал полиция департаментінің басшысы Ерлан Омарбеков бала жоғалғаны туралы хабарды естіп, жедел түрде полиция мен құтқарушыларға көмекке келген волонтерлерге алғыс білдірді.