НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы елдің оңтүстігінде – Түркістанда өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетері, бүгін Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы жаңа құрылған Ұлытау облысында өтті.
"Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады", - деді Тоқаев.
Президент Ұлттық құрылтай туралы бастаманы қолдаған барша азаматқа алғыс айтты. Мемлекет басшысы құрылтай демократия құндылықтарын орнықтыруға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
"Құрылтай жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Біз жыл сайын тұрақты түрде кездесіп тұрамыз", - деді Тоқаев.