Тоқаев Қазақстан атауын өзгерту туралы не ойлайтынын айтты

Президент Қазақстан отыз жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшартқа қол қойғанын атап өтті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан атауын өзгертуді жауапсыз шешім деп санайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент референдумнан кейін ел дамуының тарихи кезеңі басталғанын атап өтті. Конституцияға енгізілген өзгерістермен бірге мемлекеттің саяси жүйесі өзгереді. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болады.
"Яғни біз екінші республиканы құруға кірісті. Алайда кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар Қазақстан атауындағы "стан" сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі әлемде дәл осындай Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан және Орталық Азия мемлекеттері бар", - деді Тоқаев Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Тоқаев Қазақстан отыз жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшартқа қол қойғанын атап өтті.

"Мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекет атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе", - деді президент.

Мемлекет басшысы биыл 16 наурызда халыққа арнаған жолдауында билік пен қоғам арасындағы көпір ретінде Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Ұлттық құрылтай бұған дейін жұмыс істеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрылды. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарғанын атап өтті.
"Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалды моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады", - деген болатын президент.

Ұлттық құрылтайдың құрамы

Ұлттық құрылтай құрамына қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Оның екі орынбасары бар: мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен "Бас редакторлар клубы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай.
Ал Ұлттық құрылтайдың хатшысы – президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева.
Сондай-ақ ұлттық құрылтай мүшелерінің арасында ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталов, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев, саясаттанушы Данияр Әшімбаев, блогер Максим Рожин және басқалары бар.
Саясат
Жаңа Қазақстанды құру үшін бір ғана биліктің әрекет етуі жеткіліксіз – президент