НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз елінің азаматтарын кемсіткен бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлын сөгіп тастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біздің бұрынғы бір министріміз (Арыстанбек Мұхамедиұлы – Sputnik) бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар.
"Олар Ресейге барып, қара жұмыс істеуге мәжбүр. Ал біз, қазақтар, ондай жұмысты істемейміз. Бақытты халықпыз" деп айтқан. Естімеген ел де көп. Бірақ бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын", - деді Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз - бұл қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай теріс пікірлер жастарды адастырады. Олардың дүниетанымына жағымсыз әсер етеді, деп жалғастырды президент.
"Тіпті, кейде жастарымыз жұмыстан қашып, жеңіл табыс көзін іздеп жатады. Ақыр соңында мұның бәрі бүкіл халықтың абырой-беделіне нұқсан келтіреді", - деді мемлекет басшысы.
2016 жылы мамырда сол кездегі мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Мәскеуде қоғамдық дәретханаларды тазалап жүрген қырғыз қыздарын аяйтынын" айтқан еді.
"Жастық шағында неліктен олар дәретхана жуып жүр? Әрине, өз елінде жұмыс, перспектива болмағандықтан, көптеген қырғыз басқа жаққа кетуге мәжбүр болды", -деген еді бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Осыдан кейін Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Бішкектегі Қазақстан елшілігіне қарсылық нотасын жолдады. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар мен қырғызстандықтар Мұхамедиұлын осындай пікірі үшін сынап тастады. Артынша Арыстанбек Мұхамедиұлы қырғыздардан кешірім сұрады.