Шенеуніктер жауапсыз блогерлер мен айқай шығаратын адамдарға ғана көмектеседі – Тоқаев

Мемлекет басшысы орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс екенін атап өтті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі екенін айтты. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс.
"Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер мен масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді", - деп сынады Тоқаев Ұлытауда өтіп жатқан ұлттық құрылтайда.
Мемлекет басшысы орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс екенін атап өтті.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің" көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек", - деп тапсырды Тоқаев.
Қошанов: баршамызды мезі қылған жасандылық пен пафостан арылуымыз керек