Қазақстанда қайырымдылық саласындағы жандарға құрметті атақ беріледі

Құрметті атақ халықаралық қайырымдылық күніне орай салтанатты түрде табысталады
Sputnik
АЛМАТЫ, 16 маусым – Sputnik. Қазақстанда қайырымдылық саласында құрметті атақ берілетін болады. Ереже жобасын ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірледі.
Құжат жобасы жария талқылау үшін 30 маусымға дейін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.
Құрметті атақ:
қайырымдылық субъектілеріне;
қайырымдылық жасаушыларға;
қайырымдылық ұйымдарына;
қайырымдылық жасап жүрген еріктілерге беріледі.
Сондай-ақ құрметті атақ қайырымдылық саласын дамытуға елеулі үлес қосқан, филантропиялық, меценаттық, демеушілік қызметті, сондай-ақ кіші отанға көмек көрсетуді жүзеге асыратын азаматтар мен ұйымдарға беру ұсынылады.
Үздіктерді ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен құрылған құрметті атақ беру жөніндегі комиссия айқындайтын болады. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен парламент депутаттары кіреді.
Комиссия мүшесінде мүдделер қақтығысы туындаған кезде комиссия мүшесі туындаған мүдделер қақтығысы туралы комиссияның қалған мүшелерін жазбаша нысанда хабардар етеді.
Комиссия құрамына құрметті атақ алатын үміткерлер кірмейді.
Құрметті атақ беруге ұсынымдарды:
1) орталық мемлекеттік органдар;
2) облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады;
3) коммерциялық емес ұйымдар;
4) азамат немесе азаматтар тобы;
5) кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асырады.
Құрметті атақ беру туралы ұсыныстарда үміткердің жеке басын, оның жұмыс тәжірибесін, қайырымдылық саласын дамытуға қосқан әлеуметтік үлесін, нақты сіңірген еңбегін сипаттайтын деректер көрсетіледі.
Құрметті атақ беруге үміткерді бекіту туралы комиссияның шешімі комиссия отырысында көпшілік дауыспен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Қажетті дауыс саны болмаған жағдайда құрметті атақ берілмейді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі құрметті атақты 5 қыркүйек – халықаралық қайырымдылық күніне ұйымдастырылатын салтанатты шарада табыстайды.