НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясын әзірлеуді тапсырды. Тек содан кейін ғана латын әліпбиіне көшу жұмысы басталады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда президент латын әліпбиіне көшу мәселесін қозғады.
"Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз екі рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал", - деді Тоқаев құрылтайдың алғашқы отырысында.
Ол кириллицадан латынға жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайтынын, мұның соңы үлкен қателікке апарып соғатынын атап өтті.
"Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев асықпауға шақырды.
"Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек", - деді президент.