НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 164 елдің сыртқы саудаға жауапты министрлері Женевада бас қосты.
"Конференция төрағасы ретінде Қазақстанның сайлануы біздің еліміздің мойындалуының дәлелі", - деп хабарлады Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі.
2018 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 164 мемлекет 2020 жылдың жазында Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанда 12-ші министрлер конференциясын өткізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.
Тарихта алғаш рет мұндай деңгейдегі іс-шара ұйымға жақында ғана мүше болған және бүкіл Орталық Азияны таныстыратын елдің төрағалығымен өтуі тиіс болатын.
Алайда пандемияға байланысты конференция екі рет кейінге шегеріліп, оны Дүниежүзілік сауда ұйымының Женевадағы штаб-пәтерінде өткізу туралы шешім қабылданды.
Конференцияға қатысушылар COVID-19 пандемиясына қарсы іс-қимыл, ауыл шаруашылығы және жаһандық азық-түлік дағдарысын жою, балық шаруашылығын субсидиялау, ДСҰ реформасы, электронды сауданы одан әрі дамыту сияқты әлемдік саудаға қатысты бірқатар маңызды мәселені қарастырады.