Өңірлер

Үш жаңа облысты дамытудың бес жылдық жоспары жасалады – Әлихан Смайылов

Ол құрылып отырған аймақтарда Түркістан облысының тәжірибесін қолдануға да болатынын атап өтті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Жаңа құрылған облыстарды дамытудың бес жылдық жоспары жасалады. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәжіліс депутаттарына берген жауабында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алдағы уақытта Абай, Ұлытау мен Жетісу облыстарын қолдау мақсатында барлық аймақтар бірігіп меморандум жасайды. Осы жұмысқа ірі кәсіпкерлер мен инвесторлар тартылады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау шаралары да атқарылады. Ал барлық ұйымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа өңірлердің проблемалық және басым салалары анықталады. Оған ақсақалдар алқасы да араласса болады.
"Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес ақсақалдар алқасын құру бойынша құқықтық шектеулер байқалмайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнің 106-бабына сәйкес қоғамдық бiрлестiктер болып, егер заңдармен өзгеше көзделмесе, саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және азаматтардың өздерiнiң ортақ мақсаттарына жету үшiн ерiктi негiзде құрған, заңдарға қайшы келмейтiн басқа да бiрлестiктер танылады. Осыған сәйкес жаңадан құрылған өңірлердің күрделі мәселелерін шешу мақсатында құрамына жанашыр азаматтар енетін ақсақалдар алқасын құруға болатынын атап өткен жөн", - дейді Смайылов.
Оның сөзіне қарағанда, құрылып отырған аймақтарда Түркістан облысының тәжірибесін қолдануға да болады.
"Жаңа өңірлерді құру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін осы облыстарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған жоспарлары әзірленіп, қабылданатын болады", - деп атап көрсетті үкімет басшысы.