НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым — Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекет Басшысы тағайындаған "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын ұсыну жөніндегі конкурстың басталғаны туралы хабарлайды.
Биыл әрбір грантқа 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады.
Грант берудің мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау болып табылады.
Конкурсқа жасы 14-тен кем емес және 29-дан аспайтын Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы үміткер бола алады.
Гранттар Қазақстан Республикасының азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:
"Ғылым" – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
"Мәдениет" – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
"Ақпараттық технологиялар" – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және дайындауға арналған;
"Бизнес" – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
"Медиа" – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.
Үміткерлердің конкурстық өтінімдері (қағаз нұсқада) 14 тамызға дейін мына мекенжай бойынша қабылданады: Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, "Министрліктер Үйі" әкімшілік ғимараты (014 кіреберіс)
Байланыс нөмірлері: 8(7172)74-12-78, 8(702-000-88-12), (электрондық нұсқасы) generation.kaz@gmail.com поштасына қабылданады.
Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады және:
нысан бойынша жобаның сипаттамасы;
жобаның бейне-таныстырылымы (60 секундтан аспайды);
шығыстар сметасының жобасы;
зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса) қамтылуы тиіс.
Айта кетейік, 2021 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекет басшысы еліміздің 30 жас азаматына "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын табыс етті.