НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Шымкентте көрермен санының көптігіне байланысты Зируза мен танымал блогер-әнші Садраддин Болаттың концертін тоқтатуға тура келді. Адамдар "Түркістан сарайының" есігін жұлқылап ашып, ғимаратқа кіруге тырысты, деп хабарлайды OTYRAR.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоға қатысты мәдениет басқармасы түсініктеме берді.
"Бұл қайырымдылық концерт 12 маусымда "Наурыз" алаңында өтуге тиіс еді. Ұйымдастырушы "MEYIRIMDI ASYLADAM" қайырымдылық қоры концертті әкімдікпен келісіп өткізбеді. Олар сол күні сағат 19:00-де кеш өткізу туралы "Түркістан сарайымен" шарт жасасты", - дейді Шымкент қаласы мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Сауранбекова.
Жоспарланған тегін концерттен бір сағат бұрын ғимаратқа кіреберісте екі жарым мыңнан астам адам жиналған. Олар бір-бірін итеріп, қызметкерлермен сөзге келген.
"Түркістан" мәдениет сарайы 1 300 орынға арналған. Осыған байланысты сағат 19:00-де зал толы болды. Осыдан кейін Қаратау ауданының әкімі мен Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылармен түсіндіру жұмысын жүргізді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушылар концерт өткізбеуге шешім қабылдады", - деп түсіндірді Мақпал Сауранбекова.
Бұл шешім сағат 20:00-де көрермендерге жарияланған. Қазіргі уақытта Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері ұйымдастырушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.