Өңірлер

Атырауда перинаталдық орталықта нәрестені еденге құлатып алды - оқиғаның мән-жайы

Орталық басшылығы зардап шеккен баланың анасымен тілдеспейді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Атырау облыстық перинаталдық орталығында әйел сәбиді қолынан түсіріп алды. Оқиға туралы босанған әйелдің туысы Әнуар Жұмабай баяндап берді, деп жазады "Ақ Жайық" басылымы.
Айтуынша, әйелінің сіңлісі босанған соң 2 күннен кейін босанған әйелдермен бірге рентгенге түсуге шақырылған. Палатада төрт әйел болған. Алдымен екеуін, сосын тағы біреуін шақырған. Босанғаннан кейін өз-өзіне келіп үлгермеген, әрең қозғалатын бір әйел балаларға қарап қалады.
Кішкентай бала қатты жылағанда әлгі келіншек оны қолына алып, жұбатуға тырысады. Жұбата алмаған соң медбикелер мен дәрігерлерді шақырғанымен, ешкім келмеген. Бір уақытта әйелдің жағдайы нашарлап, баланы еденге түсіріп алады.
Содан кейін де әйел мен балаға көмекке медбикелер емес, санитар келеді.
"Біз полициямен келгенше екі сағат бойы балаға көмек көрсетілмеді, жансақтау бөліміне жатқызылмады, баланы тексермеді. Қызметкерлер ештеңе болмағандай кейіп танытты, барлығы "не болды?" деп өзіңнен сұрайды. Бастапқыда баланың жағдайы жақсы деп айтты. Орталық қызметкері анасына баламен бірге КТ-ға баруға болмайды деп тыйым салды. Біз наразылық білдіргенде, тағы бір қызметкер анасы жаңа туған нәрестемен бірге жүруі керек екенін растады. Бүгін бізге нәрестеге қан құю керек екенін, егер ол кеше реанимацияға түспегенде, одан айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтты", – дейді Жұмабай.
Орталық басшылығы зардап шеккен баланың анасымен тілдеспейді. Оқиғаға түсініктеме берген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев тексеру мен компьютерлік томография жаңа туған нәрестенің жағдайы қалыпты екенін көрсетті деп отыр.
"Ең бастысы, бала тірі. Бұл істі тергейтін жұмыс комиссиясы құрылды", – деді Байдуәлиев.
Айта кетері, 11 маусым күні перинаталдық орталықтың дәрігерлері зардап шеккен баланың жағдайы туралы хабарлады. Дүниеге келгеніне үш күн болған балаға құлағаннан кейін дәрігерлер "ми ишемиясы" диагнозын қойды. Дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты екенін айтты. Ол маска арқылы оттегімен өзі тыныс алып жатыр.