ТМД елдері ядролық апат болған жағдайда өзара көмек көрсету туралы келісті

Мұндай шешім ТМД экономикалық кеңесінің жабық отырысында қабылданды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері ядролық апат немесе радиациялық төтенше жағдай туындаған кезде өзара көмек көрсету шараларын бекітті.
ТМД елдерінің өкілдері ТМД экономикалық кеңесінің 94-ші отырысына қатысты. Талқыланған мәселелердің ауқымы ұйымға мүше елдерде ядролық апат болған жағдайдағы тәжірибелік шараларды да қамтыды.
"Экономикалық кеңес мүшелері ядролық апат немесе радиациялық төтенше жағдай, көмектің көлемі мен мазмұны туралы ақпараттандыру бойынша тәжірибелік шараларды мақұлдады", - деп хабарлады ТМД Атқару комитетінің баспасөз қызметі.
Бұл міндеттемелерді орындау 2018 жылдың 2 қарашасындағы ТМД елдері арасындағы ядролық апат немесе радиациялық төтенше жағдай кезінде дайындықты қамтамасыз ету және олардың салдарын жою бойынша өзара көмек көрсету жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімде қарастырылған.
"Осы шараларды жүзеге асыру атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты ықтимал оқиғалар кезінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының тиімділігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді", - деп толықтырды атқару комитеті.
Ядролық апат болған жағдайда бірлескен жұмыс жүргізу оның салдарын барынша азайтуға мүмкіндік беретіні және "жалпы ТМД аумағындағы ядролық және радиациялық қауіпсіздік деңгейіне оң әсер ететіні" айтылды.