Денсаулық

Қарағанды облысында тырысқақ тіркелген жоқ – министрлік

Мамыр мен қазан айлары аралығында апта сайын ашық су қоймаларынан сынама алынып, зерттеледі
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті әлеуметтік желіде Қарағанды облысында тырысқақ ауруы тіркелгені туралы жалған ақпарат тарап жатқанын ескертті.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қарағанды облысында тырысқақ тіркелгені, су қоймаларында тырысқақ вибрионы бөлінгені туралы ақпарат таралып жатыр. Тіпті, ауруханаға ескерту құжаттары да жіберілгені айтылған.
Алайда санитариялық-эпидемиологиялық комитет бұл ақпарат жалған екенін мәлімдеді.
"Жезқазған қаласы бойынша тырысқақ ауруы тіркелген жоқ. "Тырысқақ таяқшалары" тырысқақ вибрионы тұрақты бақылауда. Мамырдан қазанға дейін апта сайын зертханалық зерттеу үшін ашық су қоймаларынан (Кеңгір су қоймасы, жағажайлар) сынама алынып, зерттеледі. Дүрбелеңге салынуға ешқандай себеп жоқ", - делінген хабарламада.
Комитет жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жауапқа тартылатынын ескертті.
Ішек этиологиясы инфекцияларын алдын алудың негізгі шаралары:
тамақтану және тамақ дайындау алдында, сондай-ақ дәретханаға барғаннан кейін қолды сабындап жуу;
көкөністі, жеміс-жидекті қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен жақсылап жуу;
кездейсоқ адамдардан азық-түлік сатып алмау;
тек рұқсат етілген жерлерде шомылу.