Президент мәжіліс төрағасын қабылдады

Қошанов референдумның мән-маңызын түсіндіру науқаны барысында азаматтардан 20 мыңнан астам өтініш жинағанын айтты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады.
Мәжіліс спикері президентке конституциялық реформаларды одан әрі нақты жүзеге асыруға қатысты алдағы заң шығару жұмыстары жөнінде баяндады.
Парламенттің төменгі палатасының төрағасы мемлекет басшысына мәжіліс депутаттары мен "AMANAT" партиясының мүшелері референдумның мән-маңызын түсіндіру науқаны барысында азаматтардан 20 мыңнан астам өтініш жинағанын айтты. Үкіметпен бірлесе отырып, қазақстандықтардың барлық ұсынысы мен көтерген мәселелері пысықталады және заң шығару жұмысы кезінде ескеріледі.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан делегациясының 6 маусымда Ереванда өткен ҰҚШҰ парламенттік Ассамблеясы кеңесінің көшпелі отырысына қатысқаны жөнінде айтты.
Аталған жиын барысында ҰҚШҰ парламенттік Ассамблеясы халықаралық бақылаушылар миссиясы жұмысының қорытындысы жарияланды және елімізде өткен референдум ұлттық заңнамаға толық сай келеді деп танылды.
Сонымен қатар парламенттік Ассамблея халықаралық және аймақтық деңгейде қауіпсіздік мәселесін шешу үшін БҰҰ аясында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бітімгерлік әлеуетінің даму барысын талқылады.