Министр баспана бағасы туралы пікір білдірді

Биыл 1 сәуірде зейнетақы жинақтарын пайдалану шегі көтерілген болатын. Содан бері баспанаға сұраныс төмендеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баспана бағасының тұрақталып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, баспана бағасына әсер еткен факторлардың бірі – зейнетақы жинақтары. Өткен жылы жылжымайтын мүлікке сұраныс күрт өсті.
"Былтыр бағалардың өсу қатты сезілді. Биыл біршама тұрақталып отыр. Оған сан алуан факторлар әсер етті. Әдетте, ұсыныс сұранысқа әсер етеді ғой. Ал өткен жылы сұраныс көбейді. Себебі зейнетақы жинақтарын пайдалануға рұқсат берілді. Соның нәтижесінде баспанаға сұраныс күрт өсті", - деді Өскенбаев журналистерге берген сұхбатында.
Биыл 1 сәуірде зейнетақы жинақтарын пайдалану шегі көтерілген болатын. Содан бері баспанаға сұраныс төмендеді. Бірақ құрылыс компаниялары материал қымбаттап кетті дегенді алға тартып отыр.
"Мысалы, жылдың басында арматураның бағасы 430-450 мың теңгеге өсті деді. Одан кейін төмендей бастады. Қазір көтерме бағасы – 335 мың, ал бөлшек саудада 350 мың теңге сатылып жатыр. Баспана бағасына басқа факторлар да әсер етеді. Біз апта сайын бақылап отырамыз", - деп атап көрсетті Өскенбаев.