Ақтауда жылу желілерін жөндеу кезінде көз жұмған қызметкерге материалдық көмек көрсетіледі

Комиссия тағайындалғаннан кейін Маңғыстау облысы еңбек департаменті инспекторының төрағалық етуімен осы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тексеру жүргізілетін болады
Sputnik
АЛМАТЫ, 9 маусым – Sputnik. "Каспий жылу, су арнасы" мемлекеттік мекемесі жылу желілерін жөндеу кезінде қайтыс болған жұмысшының отбасына материалдық көмек көрсетеді. Сондай-ақ жерлеу рәсімін ұйымдастыру жағынан да қолдайды, деп хабарлады Lada.kz сайты.
8 маусым күні қаза тапқан "Каспий жылу, су арнасы" мемлекеттік мекемесі қызметкерінің өліміне қатысты комиссия құрылады.
"Комиссия тағайындалғаннан кейін Маңғыстау облысы еңбек департаменті инспекторының төрағалық етуімен осы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тексеру жүргізілетін болады. Кәсіпорын ұжымы отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Мекеме тарапынан марқұмның отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға материалдық қолдау және көмек көрсетіледі", – деп хабарлады "ҚЖСА" МКК.
Коммуналдық кәсіпорындағы өтемақы мөлшері туралы ақпарат кейінірек жарияланатыны айтылды.
Еске салсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратының алдында жылу желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде кірпіш дуал опырылып құлап, "Каспий жылу, су арнасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 1978 жылы туған қызметкерін басып қалған.
Ер адам Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды.