Өңірлер

"Союға және етін сатуға болмайды": СҚО-да жылқылар белгісіз ауруға шалдықты

Қауіпті індет анықталған жағдайда ауылды карантинге жабу мәселесі қаралуы мүмкін
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында жылқылар респираторлық вирусқа ұқсас белгісіз дертке шалдықты, деп хабарлайды Astana TV арнасы.
Жеті жылдан бері мал бағып жүрген Самархан Сәдуақасов мұндай дертті алғаш көріп отырғанын айтты. Екі ауылға тиесілі 400-ге жуық жылқының басым бөлігі белгісіз ауруға шалдыққан.
"Жөтеліп жүргеніне бір аптадан асты. Маңқасы ағады, әлсіздік бар. Жылқы ширақ қимылдамайды, бәсеңдеп қалды. Тәбеті көрініп тұр, оттайды, демалады", - дейді жылқышы.
Ветеринар мамандар да мұндай індеттің бұрын-соңды байқалмағанын растады. Қазіргі кезде олар малға суық тиген кездегі ем-шараларды қолданумен шектеліп отыр. Қан сынамасын алып, зертханаға жөнелткен.
Ауырған жылқылар оқшауланды. Союға да, етін сатуға да болмайды. Сараптама қорытындысы бір-екі аптаның шамасында дайын болады. Қауіпті індет анықталған жағдайда ауылды карантинге жабу мәселесі қаралуы мүмкін.