Таразда полиция формасын киіп жүрген жігіт ұсталды

Ер адам бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған болып шықты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Таразда жалған полицей ұсталды. Полиция формасын киген күдікті адамды тәртіп сақшылары байқаған. Ол Тұрар Рысқұлов атындағы саябақта серуендеп жүріп, нағыз полицейлерді көргенде абыржып қалған.
Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін 2022 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында сотталған болып шықты. Ол кезде жас жігіт төтенше жағдайлар департаментінің формасын киіп жүрген.
Ол қандай мақсатта полиция формасын кигенін тергеу анықтап жатыр.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 390-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бапта 80 айлық есептік көрсеткішке (254 400 теңге) дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не жиырма тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.