Білім

Білім министрі өзі басқаратын ведомствоны екіге бөлу жайлы пікір білдірді

Мемлекет басшысы бұл шешім ғылыми қызметті үйлестіруді нығайту үшін қажет екенін айтқан болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзі басқаратын ведомствоны екіге бөлуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол қазір ең басты міндет – осы шешімді дұрыс және тиімді жүзеге асыру екенін айтты.
"Өйткені, ең маңыздысы тиімді білім және ғылым жүйесі. Шешім жарияланды. Енді осы шешімнің орындалу жағын ойлау керек. Ең бастысы, бұл шешім тиімді әрі дұрыс орындалуы керек. Бұдан білім және ғылым жүйесі ұтуға тиіс. Осы үшін жұмыс істеп жатырмыз", - деді Аймағамбетов үкімет кулуарында.
Асхат Аймағамбетов
ҚР Білім және ғылым министрі
Ол министрлікті екі ведомствоға бөлу үшін үкімет деңгейінде шешім қабылданатынын жеткізді. Тиісті деңгейде шешім қабылданып, жұртшылыққа жарияланады.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлуді ұсынған болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл ғылыми қызметті үйлестіруді нығайту үшін қажет.
Екі ведомствоның бірі тек ғылым және жоғары біліммен айналысады.
Аймағамбетов ағылшын тіліне қатысты өзгеріс қыркүйектен бастап енгізілетінін айтты