"QazaqGaz" ұлттық компаниясында миллиардтаған қаржы талан-таражға түскен

Бүгінгі күні 937 миллиард теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзушылықтар анықталды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басшысы Санжар Жаркешев компанияда бір триллион теңгеге жуықтайтын заң бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мемлекет басшысының толық аудит ұйымдастыру және компания қызметінде транспаренттілікті қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 937 миллиард теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзушылықтар анықталды", - деді Жаркешев мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 123 миллиард теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары дәлелденді.
"Қазақта ауруын жасырған арам өледі" деген жақсы сөз бар. Барлығын ашық айтуға дайынбыз. Проблема көп, шешуге тырысамыз", - деп атап өтті компания басшысы.
Үкімет отырысынан кейін журналистер бұрынғы "ҚазТрансГаз" - қазіргі "QazaqGaz" ұлттық компаниясында анықталған қаржылық заң бұзушылықтар қай кезде болғанын және оған кім кінәлі деп танылғанын сұрады. Алайда компания басшысы тергеу жүргізіліп жатқанын, сол себепті ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
Айта кетері, өткен жылы 31 желтоқсанда үкіметтің қаулысымен "ҚазТрансГаз" компаниясының атауы "QazaqGaz" деп өзгертілді. Оны 2022 жылдың 15 қаңтарына дейін Қайрат Шәріпбаев басқарды.