Көрші екі елдің басшысы Тоқаевты референдумның сәтті өтуімен құттықтады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Қырғызстан мен Өзбекстанның басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанға жылы лебізін білдірді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру жолында бауырлас елмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Сондай-ақ Қырғызстан бақылаушыларының референдумға белсенді қатысқанына ризашылығын жеткізді.
Тоқаев пен Жапаров Бішкекте өткен келіссөздердің нәтижесін, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру шараларын да талқылады.
Одан кейін іле-шала Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев хабарласып, жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен құттықтады. Тоқаев ризашылығын білдіріп, конституциялық реформалар не үшін жасалып жатқанын түсіндірді. Өзбекстанның делегациясы да Қазақстандағы референдумды бақылады.
Екі елдің басшылары стратегиялық серіктестіктің ойдағыдай дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Бүгінде тауар айналымы қарқынды түрде ұлғайып келеді. Атап айтқанда, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 30 пайызға артып, 1 миллиард доллардан асқан.
Дауыс берушілердің 77,18 проценті Конституцияға түзетулер енгізуді қолдады