НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым - Sputnik. Дүйсенбіден бастап ондаған британиялық компания қызметкерлердің жалақысын төмендетпестен, төрт күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізе бастады, деп хабарлайды Sky News телеарнасы.
Қысқа жұмыс аптасын түрлі саладағы компаниялар, соның ішінде банк, қонақүй бизнесі және тіпті анимациялық студиялар сынап көреді. Тестілеу алты айға созылады, оған үш мыңнан астам қызметкер қатысады.
Эксперимент кезінде фирмалар максималды өнімділікті сақтаған жағдайда барлық қызметкерге толық жалақыға кепілдік береді. Жобаны ұйымдастырушылар осындай өзгерістер қызметкерлердің өнімділігі мен әл-ауқатына әсер етеді деп есептейді. Сынаққа қоршаған орта мен гендерлік теңдікке әсерін бағалайтын университеттердің зерттеушілері жұмылдырылған.
Бостон колледжінің әлеуметтану профессоры, эксперименттің жетекші зерттеушісі Джулиет Шор:" төрт күндік апта, әдетте, үш дивидендтік саясат - қызметкерлерге, компанияларға және климатқа көмек", - дейді.
Эксперимент идеясы жаңазеландиялық кәсіпкерлер Эндрю Барнс пен Шарлотт Локхартқа тиесілі. Олар жұмыс уақытын қысқарту еңбек өнімділігін арттырады деп мәлімдейді.
Олар Autonomy сараптамалық орталығы, Оксфорд және Кембридж университеттері мен Бостон колледжінің ғалымдарымен бірге Ұлыбританияда төрт күндік жұмыс аптасын енгізу жобасын іске асырды.